Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

  Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді<a href="https://t.
Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Yayın: 02 Şubat 2023 DÜNYA Google News

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Ақорда

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

2023 жылғы

Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтті. Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет қойды. Оның айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажет. Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін.

– Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Алайда бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, әкімдік ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент аса маңызды міндеттерге – электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету мен қаланы газбен қамту мәселесіне назар аударды.

– 2019 жылы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, газ желісіне қосылу шығыны азаматтарымыз үшін қымбатқа түсіп жатыр. Құны екі миллион теңгеге дейін барады. Мұндай жағдай барлық аймақта байқалады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, халық үшін газға қосылудың тиімді әрі ашық бағасын бекіту жөнінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы саласында қордаланған мәселе көп.

– Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Әкімдік пен Үкімет бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуге тиіс. Сонымен қатар заңнамалық базаның осалдығы салдарынан қалада жаңа түйткілді нысандар пайда болуы мүмкін. Қазір Астанада рұқсат етілген құжаттары жоқ 90-нан астам тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс компаниялары жай ғана мардымсыз айыппұл төлеп, азаматтардан ақша тартуын қояр емес. Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын қатаңдатқаны жөн. Құрылыс компанияларының заңды белден басып, үлескерлерден ақша тартуына жол беруге болмайды. Бұл жұмысқа Қаржылық мониторинг агенттігі атсалысуға тиіс, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев жер телімін бөлу жұмыстарының ашық болмауына қатысты өкілетті органдарға арыз-шағым көп түсетінін атап өтті. Әңгіме белгілі құрылыс компанияларына жасалатын «айрықша» жағдай туралы болып отыр. Мемлекет басшысы бұл процестің түгелдей ашық болуы керек екенін айтып, жерді цифрлық сервистер арқылы және конкурс негізінде бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Астананың көлік жүйесін дамыту мәселесіне де тоқталды.

– Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар кіші айналма жолдың (46 шақырым) құрылысы созылып кетті. Оның үстіне жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда, жол мәселесі толыққанды ескерілмейді. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімдігіне LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтауды тапсырды.

– Мен бұрын да айттым. LRT жобасы, негізінен, қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ. Бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, қазір Астанада саябақтар жетіспейді, тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет.

– Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту. Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн, – деді Президент.

 

Сонымен қатар қаланың келбетін сақтап қалу және қаладағы орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кеткені жайында айтылды. Көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтілді.

– Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр. Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті. Бас прокуратура және «Жусан банкі» ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы екі жердің біріне көп қабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент қаланың абаттандырылу, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ қала ішіндегі қардың уақтылы шығарылмау мәселелерін сынға алды. Оның айтуынша, қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады. Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ.

– Әр аудандық әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни, жүйелі жұмыс жүргізілмейді. «Астана-көгалдандыру құрылысына» қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл желектің 10 пайызы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Әкімдікке үш жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы бес жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек, – деді Президент.

 

Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет екенін айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, қаладағы жастармен жұмысты күшейтуі қажет. Сондай-ақ қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп екеніне назар аударды.

– Елорда тұрғындарының саны соңғы 10 жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. №3 көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе. Денсаулық сақтау министрлігі қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуі қажет, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.

– Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі керек. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн. Сонымен қатар педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Астананың және Астана агломерациясының экономикалық әлеуетін жүйелі түрде арттыру қажет деп пайымдайды. Елорданың қарқынды экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарау керек.

– Өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторды және жаңа технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, арнайы экономикалық аймақ жұмысын қайта ұйымдастыратын уақыт жетті. Сапалы жұмыс орындарын ашу керек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. №1 Индустриялды парктің іші 95 пайыз толғанымен, әкімдік оның инфрақұрылымын он жылдан бері аяқтай алмай келеді. Бұл мәселе көптен бері көтерілгенімен, әлі нәтиже жоқ. Мысалы, «Selena Insulations» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыты алты жылдан бері жылу желілеріне қосыла алмай келеді. Оның үстіне 2017 жылдан бері әкімдік №2 Индустриялды паркке коммуникация жүргізбеген. Тіпті жобалық-сметалық құжаттамасы да жоқ. Шын мәнінде, бүгінде әлеуетті инвесторлар сұраншақтың күйін кешіп отыр. Қолын бір сілтеп, кетіп қалатыны содан. Нәтижесінде, Астана ірі көлемдегі инвестициядан қағылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қаладағы өте өзекті мәселе – инфляцияның жоғары болуы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең нашар көрсеткіштердің бірі. Астанада азық-түлік бір жылда, орта есеппен, 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, «айналым схемасы» аясында сауда желілеріне жеңілдікпен зайым беруге көшті. 14 миллиард теңге бөлінген. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

– Қабылданған шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ бұл жұмыс орындалмады. Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда, қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдағаны жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана агломерациясын жүйелі дамытуды стратегиялық маңызды бағыт ретінде атап өтті. Елорда мен қала маңы арасындағы тығыз сауда-экономикалық, көлік-логистикалық кооперацияны ынталандыру қажет екені айтылды. Жаңа өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық нысандарды орналастыру елорда іргесіндегі ауылдардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бұл Астана қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.

– Астананың және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек.

– Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын. Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ-бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың «Digital nomads» орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, елорданы тез арада жаңғыртып, қаланың даму стратегиясын қайта қарау керек.

– Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады, – деді Президент.

Жиын барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов баяндама жасады.

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-astana-kalasyn-damytu-maseleleri-zhoninde-kenes-otkizdi-310122

 

 

 

Son Güncelleme: 02 Şubat 2023